Болып табылады... "Кальканың атасы" екені рас па?

Болып табылады…

Амал не, эмоция билеген әуейілік кезеңде (post truth) отырмыз.

“Болып табылады” деген “является” дегеннің калькасы, оның орнына жай, “болады” деп жазу керек!” дейтіндер ешқандай енсіссуттың зерттеуінсіз-ақ беделді болып алды. Енсіссут бекітпегенмен, “көп қорқытады”.

Бірақ “болады” деуге көшкен жазбашыда біртүрлі – келтелік, жетіспеушілік сезім қалыптасады. Сосын жүргені.
“Ғимарат ортағасырлық сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші болып табылады” еді. Ол, “Ғимарат ортағасырлық сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші болады” дегенге айналды.

Яки, “болып табыладыны” көпшілік дауыспен жеңгендер орнына ұғынықты балама ұсына алмады. Сондықтан, жаңа филологтардан сөз естімей, ескі мектепті де есіркеу үшін мына бір амалды ұсынамын. Жай, “болып табылады” дегенді… жазбай-ақ қойыңыздар. Ештеңемен ауыстырмаңыздар да, өзін де жазбаңыз. “Ғимарат ортағасырлық сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші”. Бітті. Құда да тыныш, ал құдағиды өзіміз бірдеңе қылып тыныштандырамыз.

Ерлан Оспан