Білім қоры (knowledge base) шешім бола ма?

Білім қоры (knowledge base) шешім бола ма?

Мен 2011 жылы үлкен VIP-автошаруашылық мекемесінде жұмыс істедім. Білім қорларының (тәжірибе қоры деген дұрысырақ шығар) тиімділігін сол жерде көрдім.

Мысалы, жапон автомобилі бұзылып қалады. Оны компьютерлік диагностикадан өткізгеннен кейін, беретін қате коды (error code) бойынша ақау табылмайды. Яғни, компьютер “өтірік айтып тұр”.

Бұл жерде жөндеу шеберінде екі жол бар. Бірінші жол – зауыттан ресми жауап күту.
Екіншісі – басқалардың қандай амал тапқандарын біліп, тәжірибе алмасу.

Бірінші жол бүгінгі өмір шындығында мүмкін емес. Жапон зауыты қаптаған мануалдар, инструкциялар шығарып, таратып жатады. Мәліметтің ну орманында сұрағыңа жауап бар-жоғы белгісіз. Сенің жағдайыңа байланысты мәселені ерекше қарастыруға уақыттары жоқ. Сөйтіп, өндіруші зауытқа телміру опа бермейді. Машинаның тұрақта немесе стендте тұруы қып-қызыл ақша. Қожайыны да асықтырады. Оған “жапондар тарапынан жауап күтіп отырмын” деу де күлкілі болар еді.

Жөндеу шеберлері екінші жолды таңдайтын. Интернетте түрлі тақырыптық форумдарда авто жөндеу шеберлері өздерінің қандай жол тапқандарымен бөлісіп жатады. Барлық дерлік жағдайда автомобильдер шебердің интернет арқылы әлемнің әр түкпіріндегі өз әріптестерімен тәжірибе алмасу нәтижесінде жөнделетін. Кейін автомобиль шығарған зауыт та өз ұсыныстарын, программалық патчтар шығарып жатады, бірақ оның қажеті болмайды.

Бұл менің білім мен ғылымға деген көзқарасымды түбегейлі өзгертті. Қазіргі заманда данышпандықтың қажеті жоқ екенін түсіндім. Батыс елдерінде әлдеқашан горизонталды басқару пәлсапасы уағыздалып жатқаны да содан. Бір данышпан дайындағаннан, мыңдаған адамның пікірталасы тиімді. Себебі мың адам мәселені бәрібір мың нүктеден көреді.

Қазақ тілінің электронды қорлары туралы да солай дер едім. Біз қашанғы терминге, аудармаға байланысты академиялық қорытындыны күтіп отыра бере аламыз? Кімнің тапсырыс берушісі әлде бастығы – мейлінше сәтті балама тапқанды, кітап қопарғанды күтіп отырады дейсің. “Тез-тез”, “қазір-қазір” деген динамикалық жүйеде дәл солай әрекет етпесең – далада қаласың. Мұндай өкінішті жағдай өз басымнан да өтті. Бірақ тәжірибе болды.

Visual Dictionary жобасы да (бұрынғы – Editor.kz) жобасының пәлсапасы да – білім қоры ретінде ұйымдастыру. Кез келген басқа келуі мүмкін сәтті аударма немесе балама, ұмыт қалған сөздер енді далада қалмай, қорға қосылып отыратын болады. Дәл сол уақытта – ғылыми негіздемесі бар академиялық білімге жобаны ешқандай да қарсы қоймаймыз. Керісінше, бұларды әріптестік болады дер едім.

Ерлан Оспан